Мен Нуширеваннан да әділеттімін...
Мен Нуширеваннан да әділеттімін...

Бірде Хз.Омар (р.а.) мен Са'д бин Уаққас (р.а.)  Иранға ат сатуға барады. Қалаға кіре берісте бір жас жігіт жандарына келіп, "бәдәуилер" деп тиісіп, сатуға алып келген және үстіне мінген аттарын алып қояды. Бұл қиянатқа Хз. Омар(р.а.) мен Са'д бин Уаққас(р.а.) біраз қапаланып қалады. Ақшам уақытында бір қонақ үйге келеді. Қонақ үйдің иесі бұлардың жергілікті еместігін әрі көңіл-күйлерінің жоқтығын байқап, сөзге тартады. Са'д бин Уаққас (р.а.) болған жайды түсіндіреді. Қонақтарын тыңдағаннан кейін:
   -Сіздер алаңдамаңыздар, біздің өте әділ қазымыз бар. Не аттарыңызды тауып береді, не беделінен айырылады. Сіздердің айтуларыңызға қарасам, аттарыңызды алған қазының өз ұлы. Бірақ, ол міндетті түрде бұл мәселені шешеді. Әр күні таңертең қазымыз базарға халық алдына шығып, халықтың талап-тілегіне құлақ түреді. Сіздер де таңертең базарға барып, мән-жайды оған түсіндіріңіздер, деді.
   Омар мен Са'д ертеңіне ерте базарға келеді. Сөз кезегі өздеріне келгенде олар қазыға жағдайларын айтып, аттарының табылып, қайтарылғанын қалайтындықтарын жеткізеді.
  Қазы бұларға бір кесе алтын беріп, аттарының табылатындығына уәде етті.  Арада аудармашы болатын. Аудармашы қазыға атты ұрлаған адамның қазының өз ұлы екендігін  айтпаған.
Омар мен Са'д бин Уаққастан  болған жайды естіген қонақ үйдің иесі: "Демек, мәселе өз ұлына келгенде басқаша болады екен ғой..."- деп қынжылып, қазыға барып:
 -Қазым, қылмысты жасаған басқа кісі болса жаза беріледі де, өз ұлыңыз болса жазасыз қалады. Солай ма, дегенінде, Нуширеванның жүзі өзгеріп:
 -Аттың иелері ертең қаладан кетсін. Бірақ біреуі солтүстік, екіншісі оңтүстік қақпадан шықсын дегеннен басқаны айтпады.
   Таң атты. Омар (р.а.) мен Са'д бин Уаққасқа (р.а.) аттың құнынан да көп ақша берілді. Екеуі қазы айтқандай екі қақпаға қарай бет алады, қақпаға келгенде асулы тұрған адамды көреді. Бірі атты ұрлаған жас жігіт болса, екіншісі аудармашы болатын...
  •Бірақ, әділеттілігімен танылған бұл қазыға иман нәсіп болмапты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) имансыз кеткендеріне өкініш білдірген адамдардың ішінде Нуширеван да бар екен.
   *****
   Бұл оқиғадан кейін арада уақыт өтті. Хз. Омар (р.а.) халифа, ал Са'д бин Уаққас (р.а.) Мысыр уәлиі болды. Сол уақытта Мысырға исламды тарату көзделініп, мешіт салынатын болды. Мешітке ең ыңғайлы жер бір яһудидің жері болатын. Са'д бин Уаққас(р.а.) яһудидің жеріне мешіт салдырта бастады. Шарасыз қалған яһудиге бір мұсылман:
 - Сен Мәдинадағы халифаға бар. Соған айт. Ол саған міндетті түрде бір шара тауып береді, дейді.
  Яһуди халифаға келіп, көмектесуін өтінеді. Хз. Омар(р.а.) біраз қамығулы күйде, қағаз алып, ішіне әлденелер жазады да, яһудидің қолына ұстатып:
 - Хатты уәлиге бер, деді.
Яһуди Мысырға келіп, әлгі хатты Са'д бин Уаққасқа(р.а.) бергенінде, хатты оқыған уәли қатты қорқып кетеді. Са'д бин Уаққас(р.а.) яһудидің жерін қайтарып, ескі үйін жөндеп, тіпті біршама көмектер көрсетеді. Бұл жақсылықтарға себеп болған  әлгі хаттың ішіндегі жазу бар-жоғы екі-үш сөз болатын:
 - Мен Нуширеваннан да әділеттімін...

Сұлтанбекқызы ҚұралайСұлтанбекқызы Құралай
10 жыл бұрын 5063
8 пікір
Блог туралы